Ақтөбе облысы, Байғанин ауданындағы бірнеше ауыл мен аудан орталығында ірі қарадан белгісіз ауру анықталды. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бекарыс Алмағанбетовтың айтуынша, шешек ауруына ұқсас дерт шаруа қожылығы мен жеке адамдардың малынан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Ащы, Көлтабан ауылдық округтеріне қарасты Жарлы, Ноғайты ауылдарында ірі қара малы ауруға шалдығып жатыр. Қазіргі уақытта ауыл, аудандағы ірі қараның бәрі шешек ауруына қарсы вакцинамен егілген.
"Ірі қара малдан шешекке ұқсас ауру анықталды. Қазіргі кезде сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорытынды шықпаған соң шешек деп кесімді айта алмаймыз. Күн ыстық, маса шаққаннан ірі қара малға қиын болып тұр. Ауру белгілерін айтар болсам, ірі қараның үстіне жара шығып, жайылымға шықпай қалады. Мал арықтап кетеді. Қазіргі күні ірі қараның бәріне вакцина берілді. Сонымен қатар, каролинмен залалсыздандырылып жатыр. Жарлы ауылындағы қожалықтан 27 бас анықталды. Тең жартысы сойылып, жартысына емдеу жұмысы жүргізілді. Әзірге олар бөлек бағылуда. Ноғайтыдан бір малдан анықталды. Ол да сойылды. Аудан орталығы Қарауылкелдіде де бір адамның малы сойылды",- деді Байғанин аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бекарыс Алмағанбетов.
Айта кетейік, мал дәрігерлері ірі қарадағы ауру күзге дейін жалғасуы мүмкін деп топшылап отыр. Қазіргі кезде ауру анықталған мал оқшауланып, каролинмен залалсыздандырылуда.