Жоба Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 тұрғын алаптарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл аудандарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқандықтан, коммуналдық желілерге түсетін жүктеме де артып келеді.
Сарыбұлақ жерасты су кен орны Ақтөбе қаласынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында 20 артезиан ұңғымасын бұрғылау және жабдықтау, топтық су құбырын салу, сондай-ақ тұрғын алаптарға инженерлік желілер тарту жоспарланған. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.
Нысан пайдалануға берілгеннен кейін тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге дейін су жеткізу мүмкіндігі пайда болады. Бұл Ақтөбе қаласының тұрғындарын, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үкіметтің мәліметінше, Сарыбұлақ кен орнындағы жерасты су қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты сумен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Сондай-ақ үкімет 2024-2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданғанын хабарлады. Оның ішінде 226,5 млрд теңгеге бағаланған 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.