Ақтөбе облысында киік атқандар қолға түсті

1098

Браконьерлер 70 бас киік атқан.

Ақтөбе облысында киік атқандар қолға түсті

Ақтөбе облысында бір топ браконьер қолға түсті. Күдіктілер – Әйтеке би ауданының тұрғындары. Облыстық полиция департаменті қызметкерлері әзірге бұрын сотталған төрт адамды қолға түсірген, олардың екеуі сол аудандағы шаруа қожалықтарын басқаратын болып шықты. 

Жедел-іздестіру шарасы барысында полицейлер Әйтеке би ауданында тұратын қылмыстық топтың киікті заңсыз атып, мүйізін сатумен айналысатындығы жөнінде ақпарат алады. Сөйтіп, 10 тамызда Қарабұтақ кентінде күдіктілермен кездесу ұйымдастырылады. Тәртіп сақшылары ол жерге сатып алушылар ретінде барған.

Қазіргі күні күдіктілерден жалпы салмағы 50 кг 135 дана дериват (мүйіз), 11 дана қол таразы тәркіленген. Біреуінің үйінен тінту барысында тіркелмеген мылтық анықталып, қорасынан екі киік пен жабайы қабан табылды. Күдіктілер жалпы алғанда 70 бас киікті атып, мемлекетке және жойылып бара жатқан жануарлар түрлеріне үлкен залал келтіріп отыр.

"Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 339 бабының 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлайды ІІД бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.

Бұл бап жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ, пайдалануға тиым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз іс жүргізуді қарастырады. 

Ақтөбе облысында жыл басынан бері киіктерді заңсыз атудың екі, ал дериваттарды заңсыз қолданудың сегіз дерегі тіркелген. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу