Ақтөбе облысында қоқыс-қалдықты жоюға қызу кірісті

1513

Алдағы уақытта табиғат қорғау полицейлерінің саны артпақ.  

Ақтөбе облысында қоқыс-қалдықты жоюға қызу кірісті

Ақтөбе облысында қоқыс-қалдықты жою жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Осы орайда облыс орталығы мен аудандардарда қоқыс полигондары салына бастады. Сонымен қатар, табиғат қорғау полицейлерінің саны көбейтілмекші екен, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Атап айтқанда, былтыр Мәртөк, Қобда аудандарының орталығында қатты-тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысы басталған, олар биыл аяқталуы тиіс. Енді осындай жұмыс Ойыл, Ырғыз және Әйтеке би аудандарыны бойынша жоспарланып отыр. Ал Ақтөбе қаласында келешекте қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыты салынбақ, ол үшін жер учаскесі белгіленіп те қойылған. Әзірге қалаға жабық контейнерлік алаңдар мен контейнерлер көптеп сатып алынуда. Былтыр 680 контейнер алынып, 61 контейнер орнататын алаңдар дайындалып, биыл 955 контейнері бар 97 алаң дайындау жоспарланған. Жақын күндері тағы 1443 қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинайтын контейнер күтіліп отыр.

"Қазіргі таңда  қалдықтар мәселесі бойынша шешімін таппай отырған негізгі мәселелер: Алға химия зауытының қалдықтарын және Ақтөбе қаласындағы ескі полигонды жою", - дейді облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл

Мұның алғашқысы бойынша қазіргі күні сот процесі жүріп жатыр. Ал ескі полигон бойынша жұмыс қаражат жетпегендіктен уақытша тоқтап тұр екен.

Өкінішті жай, тұрғындардың ішінде қоршаған орта мен маңайдың тазалығы өздеріне тікелей байланысты екенін түсінбейтіндер аз емес. Сол себепті, олардың жауапкершілігін айыппұл салу, тәртіпке шақыру жолдарымен ғана арттыру мүмкін болып отыр. Елімізде табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтап, жаза қолданумен жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау бөлімшесі айналысады. Батыс аймақ бойынша көлемді саналатын Ақтөбе облысы бойынша бүгінде бар-жоғы 3 табиғат қорғау полициясы бар. Оның екеуі – қала, біреуі – аудандар бойынша жұмыс атқарады. Бұл, әрине, өте аз. Әсіресе, киік аулау сияқты маңызды науқандар кезінде аталған қызметкерлер іссапарларға шығып кеткенде, маңайын ластап, бүлдіріп, шашып үйренген жандарға "әй дейін әже, қой дейтін қожа" да қалмайды.

"Табиғат қорғау полициясы қызметкерлерінің жетіспейтіні бұған дейін де айтылып келе жатқан мәселе. Қазіргі күні штатты толықтыру жайы  қарастырылып жатыр", - дейді жергілікті полиция қызметі табиғат қорғау тобының аға инспекторы, полиция капитаны Серік Елеуов. Белгілі болғандай, облыс бойынша бұл штатқа 25 бірлікке дейін алуға болады екен. Сондай-ақ, мекемеге жұмысқа тұрып, табиғат сақшысына айналуға қызығушылық танытып отырғандар саны да біраз көрінеді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу