Ақтөбе облысында Наурыз мерекесіне орай мыңнан астам іс-шара өткізіледі, деп хабарлайды Ақтөбе ақпарат.
Мерекелік шаралар өңірде наурыз айының басында басталған. 21-22 наурыз күндері облыстағы барлық елдімекенде көптеген іс-шара мен халық серуені өтеді. Ақтөбенің жеті алаңында және қаланың бес ауылдық округінде ұлттық стильде жабдықталған 50 киіз үй тігіліп, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады, ұлттық салт-дәстүрден көріністер көрсетіледі, жарыстар мен спорттық ойындар өтеді. 66 мейрамхана мен кафеде ақысыз дәм татуға болады. Жалпы алғанда, қалалықтар үшін 5 тонна бауырсақ пен 7 мың литр наурыз көже пісірілмек.
22 наурызда Әбілхайыр хан даңғылында Ғ.Жұбанова көшесінен Тұңғыш президент саябағы ауданының 11 шағын ауданына дейін қаладағы ең үлкен ауыл құрылып, 25 киіз үй тігіледі. Осыған орай 21 наурыздан 22 наурыздың кешіне дейін даңғылдың осы бөліктері жабық болады.
21 наурызда облыстық филармонияның қазақ камералық хорынан құралған 35 қызметкер Орынбор облысының Соль-Илецк қаласында концерт береді. Ал Ресей Федерациясының Орынбор облысымен шекаралас аудандарда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар 31 наурыз бен 15 сәуір аралығында өтеді. Бұл күндері Әйтеке би, Қарғалы, Хобда, Мәртөк және Хромтау аудандары, сонымен қатар Ақтөбе қаласы мерекені ұйымдастыру үшін өз делегацияларын сол жаққа қарай жібереді. Ресейдің бірнеше елдімекенінде мерекелік киіз үйлер тігіліп, театрландырылған көріністер ұйымдастырылады, спорттық ойындар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, тақырыптық көрмелер өтеді.