Өзбекстан астанасында 52 өзбекстандық өртеніп кеткен автобустың иесі, ҚР азаматы ұсталды.
"Автобус Қазақстан Республикасының 46 жастағы азаматына тиесілі болған. Ол Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына келмей, қашып жүрген. Ол Қазақстанда ҚР Қылмыстық кодексінің 348-бабының ("Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару") 4-бөлігіне сәйкес айыпталып жатыр", - деп мәлімдеді Ташкент қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметі.
Өзбекстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2018 жылғы 20 қарашада Ташкент қаласының Сіргелі ауданында жедел іздестіру шаралары кезінде автобустың мемлекетаралық іздеуде жүрген иесі ұсталған. Күдікті экстрадициялау мәселесі шешілгенге дейін ӨР ІІМ Жаза өтеудің бас басқармасы мекемесінде болады. Күдіктіні ҚР құқық қорғау органдарына беру процедурасы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық келісімдерге сәйкес іске асады.
Еске сала кетейік, 2018 жылғы 18 қаңтарда шамамен таңғы 10:30-да "Самара-Шымкент" автожолының 1068-шақырымында "Kassbohrer" маркалы автобус жанып кеткен болатын. Оның ішіндегі 57 адамнан 52 өзбек азаматы қаза тапқан, 5 адамды күйік шалған.