Ақтөбе облысында Шалқар көлінің түбін тазарту жобасы басталды

1956

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған кеңес өткізді. 

Ақтөбе облысында Шалқар көлінің түбін тазарту жобасы басталды

Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов, экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл, "Актобеводпроект", "TOLAGAI-2050" ЖШС өкілдері қатысты, деп хабарлады inbusiness.kz порталы.

"Шалқар ауданы тұрғындары Шалқар көлінің түбін тазартуға қатысты сұрақты бірнеше рет көтеріп, бұрынғы қалпына келтіріп беруді сұраған. Біз бұл жұмысқа мамандар мен сарапшыларды тарттық. Былтыр жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталған болатын. Үкімет аталмыш жобаны қолдады, биыл біз соны жүзеге асыратын боламыз. Ауқымды жоба үш жылға жоспарланған, дегенмен жұмысты ждағаттап екі жылда аяқтауға болады. Оның өңір үшін рекреациялық және шаруашылық тұрғыда маңызы зор",- деді облыс әкімі.

Шалқар көлінің түбін тазарту жобасын таныстырған Құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров онвң түбінің тартылып, батпақтану мәселесі өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында басталғанын атап өтті.

"Көл ағынды сулардың жетіспеуінен, су үстінде және су астында өсімдіктердің өсіп кетуі салдарынан деградацияға ұшырап, судың сапасы нашарлайды. "Шалқар көлінің түбін тазарту" жобасының техникалық-экономикалық негізі әзірленіп, сараптамадан оң нәтиже алынды. Жобаның жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрайды. Осы жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 432,95 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, салалық министрлікке қосымша қаржы бөлу үшін тапсырыс жіберілді", - деді Нағымжан Алдияров.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу