Ақтөбе облысының прокуратурасы Әйтеке би ауданындағы "Щербаковское" бөгетінің бұзылу дерегіне қатысты қылмыстық істі тіркеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында 30 наурызда су тасқыны салдарынан "Щербаковское" бөгеті бұзылды.
Су басу қаупіне байланысты ауданның жергілікті атқарушы және уәкілетті органдары Т.Жүргенов атындағы ауыл тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
Барлығы 178 жеке тұрғын-үйден 927 адам (оның ішінде 215-і балалар) эвакуацияланып, 78 тұрғын-үйді су басып, 10 үй қирады.
Бөгет бұзылғандықтан, Ырғыз өзені арнасынан тасыды.
Су тасқынының салдарынан электр және газбен жабдықтау желілері зақымданды. Т.Жүргенов атындағы ауыл жарық пен сусыз сондай-ақ газсыз қалды.
Прокуратура мамандарының хабарлауынша, "Щербаковское" бөгеті "Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғи ресурстарды реттеу басқармасы" ММ-нің балансына тиесілі.
"2023 жылы мемлекеттік сатып алу шарты негізінде, „Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы“ ММ (тапсырыс беруші) мен „СК Гранд каналы“ ӨК (мердігер) арасында жасалған келісім-шартқа сәйкес, бөгетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Алайда, су тасқыны нысанның талапқа сай салынбағынын әрі міндетін дұрыс атқара алмайтынын дәлелдеп берді. Салдарынан тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, Т.Жүргенов атындағы ауыл ұйымдарына елеулі зиян келтірді" — делінген хабарламада.
Болған мән-жайды ескере отырып, Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігі бойынша (салғырттық) қылмыстық істі тіркеу туралы шешім қабылдады.
Қазіргі уақытта, тергеу әрекеттерін жүргізуді ұйымдастыру үшін қылмыстық іс, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолданды.