Ақтөбе облысының əкімі Бербідек Сапарбаевтың тапсырмасымен өңірдегі жанармай бекеттерінде сұйылтылған газ тапшылығын жою жөніндегі жедел штаб құрылды. Штабты басқару облыс əкімінің орынбасары Қайрат Бекеновке тапсырылды, деп хабарлайды "Ақтөбе ақпарат" орталығы.
Штабтың құрамында энергетика министрлігі, облыс əкімдігі, құқық қорғау жəне қадағалау органдары, "СНПС Ақтөбемұнайгаз" ЖШС өкілдері, "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС, газ компанияларының бірлестіктері, газ құю бекеттерінің басшылары, облыстағы қоғамдық бірлестіктердің мүшелері бар.
Штаб өз жұмысына екі апта бұрын кіріскен болатын. Осы уақыт аралығында сұйылтылған газ жеткізудің өндірушіден бастап газ құю бекетіне дейінгі барлық тізбегі тексерілді, газдың нақты құны анықталып, баға белгілеу құрылымы зерттелді. Нəтидесінде отынның бөлшек саудадағы бағасы 25% төмендеп, бір литрі 55 теңгеден 41 теңгеге түсті. Сонымен қатар сəуір айында сұйылтылған газ 2000 тоннаға артып, 7200 тоннаға жетті.
Жедел штаб тəулік бойы жұмыс істейді. Штаб мүшелері тұрақты негізде зауыттан автокөлікке газ құю бекетіне дейінгі жеткізуге үнемі бақылау жүргізеді, сұйылтылған газдың бар-жоғы мен бағасына мониторинг жүргізу үшін қала мен облыстағы газ құю бекетіне шығып тұрады.
Бүгінде Ақтөбе қаласында 30 жанармай бекеті газ құяды. Күн сайын өңірдегі газ құю бекетіне 210 тонна, оның ішінде облыс орталығындағы бекетке 180 тонна жанармай түседі. Қайрат Бекеновтің айтуынша, бұл сұйылтылған газға деген ішкі қажеттілікті толықтай қанағаттандырады.