Ақтөбе облысында тасқын кезінде өлген малдың түгелге жуығы өртелді

301

Өңірде 3 232 бас мал өлген еді. 

Ақтөбе облысында тасқын кезінде өлген малдың түгелге жуығы өртелді Фото: Әзиз Жанұзақ

Қазірге дейін мал шығыны тіркелген 6 ауданның бесеуінде бұл жұмыстар толықтай аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың 19 қызметкері мен облыстағы мамандар енді Ойыл ауданына келді. Мұнда 1920 бас түлік өлген. Қазір өлекселер толықтай жиналып, өртеліп жатыр. Жергілікті мамандарға көмектесуге Қызылорда облысынан 19 қызметкер келген.

"Жергілікті жердегі эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында және ауру тарамау үшін өртеледі. Өлекседен тек күл қалады. Бұл жұмыстардан бөлек ветеринар мамандарымыз қалған малдарға вакцинация жасап жүр. Ал, Астанадан келген эпизоотиялық бригада дезинфекция жүргізіп жатыр, - деді Облыстың ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай.

Қора-жайларды зарарсыздандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, су тасқынынан кейін қауіпті аурулар тарау қаупі бар. Бұған дейін Ырғыз,Темір және Әйтеке би аудандарындағы сібір жарасы көмінділеріне де су жайылғаны белгілі болған еді. Дегенмен, ветеринария саласының мамандары сараптама жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Әзірге ешқандай қауіп жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу