Ақтөбе облысында жалғыз соғыс ардагері қалды

246

Ол жуырда ғана жүз жасқа толған Василий Грецкий. 

Ақтөбе облысында жалғыз соғыс ардагері қалды Фото: Әзиз Жанұзақ

Қарияның өмір жолы қиындықтарға толы болыпты. 1924 жылы Беларусь елінде дүниеге келген. Әкесінен ерте айрылған. Мал-мүліктерін үкімет адамдары тартып алып, шешесі қуғынға ұшыраған. Осылайша, бес бауырымен бірге кішкене күнінде Қазақстанға келді. Олар Жамбыл облысының Шу ауданына қоныстаныпты. Еңбекке де ерте араласуға мәжбүр болған.

"Біздерге арнап барак үйлер тұрғызылды. Біз сонда тұрдық. Өзімізбен әкелген дүние-мүліктерімізді бермеді. Сабан шөптің үсінде ұйықтадық. Алайда, жасымадық. Ерте жастан колхоз жұмысына араласып, мақта тердім. Он екі жасымда мектепке бардым. Қазақ жері мен жатсынбады", - деп қиын кезеңдерді еске алды ардагер.

Василий Грецкий соғысқа Алматы қаласынан аттанды. Бірінші Украина және 111-інші Белорусь майдандарының құрамында, сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында соғысқан. Майданға алған кірген күнінде-ақ олар мінген эшалон жау бомбасының астында қалыпты. Одан кейін де оқ пен оттың ортасында жүріп, үш мәрте жараланған.

"Беларусияның Брянск облысында қиян-кескі ұрыс болды. Елді мекендердің бірінде жау әскерімен бетпе бетпе-бет келіп қалдық. Бірден атыс басталып кетті. Бұл шайқастан біздің взводтағы 30 адамның он бесі ғана аман шықты. От пен оқтың ортасында жүрдік қой. Бір мәрте жалғыз мен ғана аман қалып, өзіміздің әскерге әрең дегенде қосылдым. Айта берсем, ондай оқиға көп. Ең бастысы қазір еліміз тыныш. Осы тыныштығымыздан айырмасын, бейбітшілік болсын!",- деді Василий Грецкий.

Ол жеңісті Берлин қаласының түбінде қарсы алыпты. Ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Елге 1946-ыншы жылы оралған. 34 жыл бойы Жамбыл облысында темір жол саласында еңбек етті. Ал, 23 жыл бұрын үйін сатып, Хромтау қаласына, қызының қасына көшіп келген.

"Менің әкем – ең жақсы адам! Оның мейірімділігі мен қамқорлығының арқасында біз де жаман адам болған жоқпыз деп ойлаймын. Әкем тамақ дайындағанды ерекше жақсы көреді. Бұрын кітапты көп оқитын. Алайда, кейінгі жылдары бір көзі көріңкіремей қалды. Қазір теледидар қарағанды ұнатады. Елдегі және әлемдегі соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырады. Жеңіс күнін жылда үйде балалары мен немере-шөберелерінің ортасында қарсы алады. Биылғы мерекеге де барлық жақын-жуығымызды күтіп отырмыз", - деді қызы Наталья Грецкая.

Василий Грецкий екі қызы мен ұлынан алты немере мен он шөбере көрді. Ардагерді аудан тұрғындары ерекше құрметтейді. Әлеуметтік қызметкерлер оның денсаулығын бақылап, үй шаруасына көмектеседі. Қария әлі ширақ, жастарға көрген-білгенін айтып, халықты бірлікке шақырып отырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу