Ақтөбе облысының Хромтау ауданында мыс пен мырыштың жаңа кеніші салынады. Бұл туралы Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин "Ақтөбе ақпарат" орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өндірісі – Хромтау ауданы экономикасының жетекші салалары. Аманғали Бердалиннің айтуынша, есептік кезеңде өнеркәсіп өнімі 59,5 млрд теңгеге жетіп, 2016 жылғы кезеңмен салыстырғанда 8,6% артқан.
Ауданның өнеркәсіп өндірісінің негізгі үлесін хром рудасы мен хром концентратының өндірісі құрайды. Мыс рудасы өндірісін арттыру шаралары қабылданып жатыр. "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС жылына 500 мың мыс-мырыш рудасын өндіретін "Көктемгі-Арал" кенішінің құрылысын жүргізіп жатыр. Кеніш 2018 жылы пайдалануға беріледі. Инвестиция шамамен 30,8 млрд теңге.
Сол арада ауыл шаруашылығының жалпы өнімі есепті кезеңде 2,1 млрд теңге (100,3%) болды. 9 ауыл шаруашылығы кооперативін құру есебінен ет пен сүт өндірісі артты.
"Жалпы, тұтыну және өндіру балансының сараптамасы 2016 жылдың қорытындысында отандық өндірісте ішкі азық-түліктің ет, сүт, жұмыртқа, ұн, жеміс-жидек, картоп сияқты негізгі өнімдерін тұтынудағы үлесі 100%", – дейді аудан әкімі.
Ол сонымен қатар, биылғы жылы Хромтау ауданының жалпы егіс алқабы 85,2 мың гектарды, суармалы жерлер алаңы 1860 гектарды құрайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ аудан әкімі Хромтау ауданындағы мемлекеттік жекеменшік әріптестікті жүзеге асыру мәселелеріне де тоқталды.
"2017 жылы Хромтау қаласында МЖӘ аясында үш ірі нысан салу жоспарда бар. "Шығыс-хром" ЖШС есебінен мәдени-демалыс орталығының ғимараты салынбақ. "Қазхром" ТҰК АҚ бөлімшесінің Дөң кен байыту комбинаты 320 орынды балабақша тұрғызады. Сонымен қатар, спорт сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарда бар", – деп хабарлайды Аманғали Бердалин.