Ақтөбе облысында Қобда мен Калиновка арасындағы жаңадан салынған жолдың беті үгітіліп үлгерген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.
"Жолда жөндеу жүріп жатыр, 22 мамырда асфальт төселді. Бір-екі көлік өтіп еді, бәрі үгітіліп кеткен. Қандай сапа өзі? Тас жолдың жөндеуі суып үлгермеді", – дейді тұрғын.
Битум ұсақталып, жолдан шашырап кеткен. Әкімдік аталған жағдайға түсініктеме беріп, мердігер оны реттейтінін түсіндірді.
Облыстық "Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Сол-Илецк" автожолының 125-267 шақырымы аралығындағы учаскеге жөндеу жұмыстарын "ЗапКазПромСтрой" ЖШС жүргізіп жатыр. Бұл жолда шұңқырларды жөндеу жүріп жатыр. Мердігер ақауларды өз есебінен жөндейді. Бұл жолға күрделі жөндеу 2019 жылы жүргізілгендіктен, орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Оның барысында жолға екі қабат қатты жабын төселеді”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысының әкімдігінің баспасөз қызметі.