Ақтөбе облысында 1905 жылы салынған Жем станциясы вокзалының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Жөндеу барысында вокзал ғимараты жаңартылып, ауданы 387,5-тен 421,2 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Қасбет, ішкі бөлмелер, инженерлік жүйелер мен инфрақұрылым толық жаңартылды.
Вокзалдың сыртқы қаптамасында заманауи фиброцемент тақталары қолданылса, ішкі бөлігінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, аспалы төбелер мен жаңа еден жабындары орнатылды. Қолданылған материалдардың басым бөлігі Қазақстанда өндірілген.
Жаңғырту жұмыстары жолаушылар мен теміржол қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасап, нысанның қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырды. Сонымен қатар тарихи ғимараттың сыртқы келбеті жаңартылды.
Бүгінде Жем вокзалы арқылы тәулігіне орта есеппен 332 жолаушы өтеді. Станциядан Ақтөбе, Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шу, Түркістан, Шымкент, Қызылорда және Қазалы бағыттарына қатынайтын 24 жолаушылар пойызы өтеді. Сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанға қатынайтын пойыздар да бар.