Ақтөбе облысында жер қойнауын пайдалану саласындағы салық заңнамасын бұзу деректері анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соның салдарынан мемлекетке 1,2 млрд теңгеден астам залал келген.
Облыстық табиғатты қорғау прокуратурасының мәліметінше, 2022–2025 жылдары 127 келісімшарт аясында жер қойнауын пайдаланушылар салық міндеттемелерін толық орындамаған.
Прокурорлық ден қою шараларынан кейін мемлекетке 600 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар 29 компания жалпы сомасы 250 млн теңгеге қосымша салық декларацияларын өз еркімен тапсырған.
Қалған салық міндеттемелерінің толық орындалуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.
Тексеру нәтижесінде қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін салық қызметінің үш қызметкері тәртіптік жауаптылыққа тартылды.