Ақтөбе облысының полицейлері 900-ден астам киік мүйізін тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz
Самара – Шымкент тас жолында тексеру барысында Ваз-2110 көлігінің жүксалғышынан ақбөкен мүйізі бар 7 қорап табылған. Бұл қораптар көліктегі жолаушыға тиесілі екені анықталған.
"Қораптарда 765 дана киік мүйізі болды. Сонымен қатар ер адамның тұрғылықты жерінен тағы 184 киік мүйізі тәркіленді. Барлығы 949 дана киік мүйізі алынды", – деп жазады ақпарат көзі.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.