Ақтөбе облысында жолда қалған 140 адам эвакуацияланды

271

Соңғы тәуліктерде әсіресе, Хромтау, Әйтеке би аудандарының аумағында қаңтарылып тұрған жүк көліктері көп, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ақтөбе облысында жолда қалған 140 адам эвакуацияланды Фото: Әзиз Жанұзақ

Өткен түнде полицейлер жолда қалған автобус жолаушыларына көмек көрсетті. Тәжікстаннан Ресейге бет алған көлікте 66 жолаушы болған. Араларында 14 әйел мен 4 бала бар. Патрульдік полиция жасақтары Хромтау ауданы, Ақжар ауылдық округі әкімдігімен бірлесіп,  екі сағаттан астам уақыт бойы эвакуациялау жұмыстарын жүргізді.

Жолаушылар жақын жердегі кемпингке жеткізілді.

"Қазір жолда қалған техникалар мен адамдардың нақты саны анықталып жатыр. Олардың барлығы кемпингтерге, дәмханаларға орналасқан. Авариялық құтқару жұмыстары жалғасуда. Оған Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция бөлімдерінен және жергілікті атқарушы органдардан 135 адам, 40 техника қатыстырылды. Облыс аумағында 110 эвакуациялық орналастыру бекеті бар. Олар – кемпингтер, қонақ үйлер мен дәмханалар. Одан бөлек елді мекендерде жылыту пункттері орналасқан", - деді Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Әлішер Сабаев.

 Жүк көліктерінің кейбірі жол бойында бірнеше тәуліктен бері тұр. Кейбірінің азық-түліктері мен жанармайлары таусылған. Аудан әкімдіктері кемпингтер мен дүкендерге бағаны негізсіз  өсірмеу қажеттігін ескертті.

"Біз Әзірбайжаннан келе жатырмыз. Төрт жүк көлігіне тиелген тауарды Астана қаласына жеткізуіміз керек. Бірақ, осында тұрғанымызға үш тәулікке жуықтады. Жанармаймыз таусылуға жақын. Әлі қанша тұратынымыз белгісіз", - дейді, жүк көлігінің жүргізушісі Джаваншир Гулиев.

Қазір жолда тұрған жүк көліктеріне көмек беру жағы қарастырылып жатыр. Өйткені, алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы да көңіл көншітпейді. Синоптиктер боранның тағы екі тәулікке жалғасуы мүмкін екенін ескертті. Бүгін өңірдегі білім беру мекемелері онлайн режимінде жұмыс істеп жатыр. Облыс орталығына қарасты елді мекендерге қатынайтын жолаушылар автобустары бүгін жүрген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу