Ақтөбе облысында жолдағы қадағалау жұмыстары күшейтілді

638

Қыс мезгілінде жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда.

Ақтөбе облысында жолдағы қадағалау жұмыстары күшейтілді

Ақтөбе облысындағы тас жолдың бойында "ВАЗ-21144", "Лада-217030", "Volvo" автокөліктері соқтығысып, соның салдарынан бір жүргізуші ауруханаға жатқызылды. Бұзылған көліктер жөнделіп жатыр.

Анықталғандай, ережені қарсы жолаққа шығып кеткен "ВАЗ-21144" жүргізушісі бұзған. Сол кезде одан қашқан келесі көлік дереу бағытын өзгертем деп үшінші көлікке барып соғады. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл сайын Ақтөбе өңірінде жол-көлік оқиғасынан 70-ке тарта адам көз жұмады екен. Тағы да статистика бойынша, қыс мезгілі, соның ішінде желтоқсан айы қауіпті саналады. Қыс айларындағы төтенше жағдайлардың үштен екісі дәл осы желтоқсан айында тиесілі. Мәселен, соңғы төрт тәулік ішінде ғана қырыққа жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген. Тәртіп сақшылары оның себебін осы кезеңде ауа райының күрт суытып, көшелердің тайғақ бола бастауымен түсіндіреді. Тәжірибесіз жүргізуші мұндай кезде көлік тізгініне ие бола алмай, тайғанақтап кетуі мүмкін. Дегенмен, жолдағы тосын оқиғаларға себепші болып отырғандардың ішінде көп жылдан бері көлік айдап келе жатқандар аз емес. 

"Қыс кезінде, әсіресе, жол тайғақ болып, көлікті тоқтату қиындық келтірген кезде қашықтықты сақтау өте маңызды. Мұндайда тайғанап кеткен көліктер бір-біріне келіп соғуы мүмкін. Бірақ, кәсіпқой жүргізушілер өздерінің тәжірибесіне, шеберлігіне сеніп, жол ережелеріне салғырт қарайды да оның соңы ауыр жағдайларға әкеліп жатады", - дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Қазіргі күні аймақта республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қажетті шаралар қолға алынған. Тәулік бойы жүзге жуық патрулдік полиция экипажы жолдағы қауіпсіздікті қадағалап, қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге уақытылы көмек көрсетіп отыр. Көлік иелеріне жолда жүргенде ара қашықтықты сақтаудан бөлек, ауа райы жайлы мәліметтерді ескеріп отыру, күн райы қолайсыз күндері мүмкіндігінше алыс жолға шықпау да дамылсыз ескертілуде. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу