Ақтөбе облысының Сарысай – Хромтау аралығында жүк пойызы 25 қойды қағып кетті, – деп хабарлайды Inbusiness.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Ақтөбе облысының Сарысай – Хромтау аралығында болған. Жүк пойызының машинисі темір жолдарда жануарлардың болуына байланысты соқтығысуды болдырмау мақсатында шұғыл тежеуді қолданды. Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады, пойыз 25 қойды қағып кетті. Оның 20-сы өлді.
Жоспарланбаған пойыз тұрағы 10 минутты құрады. Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері үй жануарларының иесін анықтады. Ол Ақтөбе облысының 64 жастағы тұрғыны болып шықты.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.