Ақтөбе облысында 9 тамыз күні кешке соққан дауылдың салдарынан Ойыл ауданы Көсембай ауылында бірнеше үй жарықсыз және шатырсыз қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мой город" порталының хабарлауынша, желдің қатты болғаны сонша, ол электр бағаналары мен қоршауларды құлатып қана қоймай, үйлер мен қосалқы құрылыстардың шатырларын жұлып кеткен.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, елді мекенде екпіні күшті желдің салдарынан 51 ғимараттың шатырына, оның ішінде ауылдағы 74 үйдің 35-іне зақым келген.
Сондай-ақ Көсембайда тоғыз бағана құлап, оның жетеуі қалпына келтірілді, учаскеде "Энергожүйе" бригадасы жұмыс істеп жатыр. Әзірше ауыл тұрғындары жарықсыз отыр. Келтірілген шығын әлі есептелмеген.