Қазіргі таңда өңірдегі 19 елдімекенде орталықтандырылған кәріз жүйесі бар. Ақпаратқа сәйкес, 2013-2021 жылдар аралығында Қандыағаш, Жем, Алға және Ембі қалаларындағы биологиялық тазарту құрылыстарын қайта құру жобалары жүзеге асырылған.
Бұдан бөлек Хромтау, Шалқар қалаларында, Қобда, Қарауылкелді, Шұбарқұдық ауылдарында кәріздік тазарту қондырғысының құрылыс жобалары әзірлену үстінде.
Ақтөбеде кәріздік тазарту қондырғысы құрылысының ең ірі жобасы Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржыландырылуымен іске қосылмақ.
"Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, дайындық жұмыстары басталғаннан бастап құрылысты аяқталғанға дейінгі іс-шараларды көздейтін жобаны жүзеге асырудың Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Кәріздік тазарту қондырғыларының нашарлауы Елек өзенінің ластануына әкеп соғуда. Ақтөбеде жағымсыз иістің шығуының бірден-бір себебі ескі тазарту қондырғыларына байланысты", - делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Жаңа кәріздік тазарту қондырғысын салу қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға оң ықпалын тигізеді деп күтілуде.