Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев туған күнінде шалғай ауылдарды аралап кетті

1637

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев туған күнінде шалғай ауылдарды аралап кетті

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 64 жасқа толып отыр. Туған күніне аса мән бермейтін облыс басшысы биыл да іссапармен облыс аудандарын аралап кетті, деп хабарлайды "Тілші".

Әкімге жақын жүретін адамдардың хабарлауынша, ол туған күнін о бастан тойлауды аса жақтырмайтын көрінеді. Бұл күнді де әкім жұмысына арнайтын болса керек.

Бүгінде әлеуметтік желілерде облыс басшының атына жылы лебіздер толастамай жатыр.

Ақын Жұлдыз Қожабекова инстаграм желісінде өлең жолдарын арнады, блогерлер қауымы да әкімге құттықтауларын жеткізіп бағуда. Әкімнің атына еліміздің барлық өңірлерінен құттықтау хаттар келіп жатыр.

Өз кезегінде, "Ақтөбе ақпарат" орталығының модераторы Шыңғыс Ілиясов ФБ-парақшасында әкімнің бір жылдан астам уақытта атқарған жұмыстарына өзіндік шолу жасап өтіпті.

"Ауыл аралап, ел кезіп халықтың мұңын тыңдап, оларға тіреу бола білген жанашыр саясаткер. Бұл — халықтың бағасы. Қыстың суығында, жаздың ыстығында аймақтың біраз елді мекенінде болды. 12 ауданның 100-ге жуық ауылын аралап халыққа керекті əлеуметтік нысандарды салып беріп, көгілдір отынын, суын жеткізді. Облыстың барлық аудан орталығы газбен қамтылды. Биыл 31 ауыл сумен қамтылып, 21 мектеп,45 балабақша салынады", — деп жазады ол. 

"Ақтөбе ақпарат" орталығының өкілі сондай-ақ, бірнеше нысандардың ашылуы жайлы хабардар еткенін тілге тиек еткен.

"Облыс орталығында белді компанияларды халыққа жақын қылып, ақтөбеліктерге қажетті нысандарды салғызып жатыр. Қаланың сəнін келтіріп, түрлі əсем сарайлар бой көтеруде. Жолдар да жөнделіп, қала кейпі де өзгере бастады. Қарапайым ауыл тұрғынынан шағын шаруа иесін жасады деуге болады. Суармалы егістік жерлерді пайдалануға үйретті. Айта берсең көп. Адамды өмір сүруге, нанын табуға, өзін, жан-жағын жөндеуге болатынын үйретуге келген ұстаз деп те айтуға болады. Халықтың пікір, ойы да ашық. Осындай ел ағамыздың бүгін туған күні. Алла ғұмырын ұзақ, деніне саулық берсін!", — деп жазады Шыңғыс Ілиясов.

Айта кетейік, өткен жылы дәл осы күні де Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданына қарасты ауылдардың біріне жол жүріп кеткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу