Ақтөбе облысының аудандарында бизнес-инкубатор ашылады

1122

Ақтөбе облысының аудандарында бизнес-инкубатор ашылады

Биылдан бастап Ақтөбе облысының аудандарында бизнес-инкубатор ашу жоспарланып отыр. Алғашқы пилотты жоба "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Хромтау ауданында жүзеге асырылды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың айтуынша, бұл ауыл кәсіпкерлері үшін тиімді.

Бизнес-инкубатор — бизнестің дамуына қаржылай және техникалық жағынан көмек көрсетіп, оның дамуына  септігін тигізеді.

Соңғы жылдары өңірде шағын және орта бизнестің даму қарқыны жоғары. Қазір облыста экономикаға қабілетті адамдардың шағын және орта бизнесте  еңбек ету көрсеткіші — 30 пайыз. 

"Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсіп келеді. Былтыр 11 айдың қорытындысы бойынша аймақта шағын және орта бизнеске қабілетті адамдардың саны 50600-ден асып, бүгінгі күні 100 пайыздан асып отыр. Әрине, облысымызда мұндай көрсеткіштердің өсуі — ең басты кезекте мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдаудың жемісі", — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы.

Ақтөбе облысы 2016 жылы  "Бизнестің жол картасы — 2020" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша республикада тізімнің басында тұр. Былтыр жыл басынан бастап аталған бағдарлама бойынша барлығы 15,6 миллиард теңгеге 157 жоба субсидияланған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Ал "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиевтың айтуынша, ауылдық жерде жүзеге асырылған жобаларды мемлекет тарапынан субсидиялаудың саны өскен.

"Ауылдық жерлердегі 52 субсидияландыру жобасы барлық жобалардың 33 пайызын құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысы аймақтық үйлестіру комиссиясы оң шешім қабылдаған субсидиялау жобаларымен республикада екінші орынды иеленді", — деді ол.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында ақтөбелік кәсіпкерлерге "Даму" қоры арқылы жалпы құны 33,1 миллиард теңгеге қолдау көрсетілген.

Сондай-ақ аталған қор арқылы "Кең Дала" аймақтық қаржыландыру бағдарламасы бойынша жалпы құны 505,8 миллион  теңгеге 43 жоба қаржыландырылса, "Ақтөбе ЖасСтарт" бағдарламасы шеңберінде 15 жобаға қолдау көрсетіліпті.

Биыл да "Даму" қорының тарапынан кәсіпкерлерге, әсіресе бизнесті енді бастаған жас кәсіпкерлерге және  әлеуметтік жобалары жүзеге асыруға ерекше басымдық беріліп, қолдау көрсетіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу