Қарауылкелді ауылының төрт көшесінде жарық жоқ. Атап айтқанда , Жаңақұрылыс, Болашақ, Солтүстік және Аэропорт көшелерінде жарық қазанның бесінен алтысына қараған түні сөнген.
"Қазанның алтысы жағдай толық тексерілді. 7 қазан күні Ақтөбеден лаборатория шақырдық Содан бері подстанцияда жерасты кабельдерін тексеру жұмыстары жүргізілді. Мамандар үзілген желіні тапты. Облыс орталығынан кабель алдырып ауыстырамыз",- деді Қарауылкелді ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Ізбағанбетов.
Аудандық әкімдіктің мәліметінше, жерасты кабельдер әбден ескірген. Шамамен 100 метр желіні жаңалау қажет. Төрт көшеде барлығы 200-ге тарта түтін бар. Мамандар ақаудың бәрін кешке дейін қалыпқа келтіріп, ауылдықтарға жарық береміз деп отыр.