Ақтөбе облысының дәрігерлері ең төменгі жалақы алады

1275

Ақтөбеде "SENIM" Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының І республикалық форумы өтті.  

Ақтөбе облысының дәрігерлері ең төменгі жалақы алады

Іс-шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Құралай Қаракен, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботакөз Жакселекова қатысты деп хабарлайды ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі.

Форум жұмысына ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов қатысты. Форумда сөз алған Ералы Тоғжанов бүгінгі форумның тақырыбы барлық деңгейдегі кәсіптік одақтар ұйымдары үшін айрықша маңызды екеніне тоқталып, мемлекеттік органдар және жұмыс берушілермен бірлесе жұмыс істеу үшін оңтайлы қадам болатынын айрықша атап өтті.

ҚРКФ өндірістік жарақат деңгейін азайту, ұжымдық шарттар сапасын арттыру, өндірістік кеңестерді құру мәселелеріне айрықша көңіл бөледі.

2019 жылғы 9 ай ішінде республика бойынша өндірісте жазатайым оқиғалардан 943 адам зардап шегіп, 111 жұмысшы қаза болды. Ақтөбе облысында осы аралықта 68 адам зардап шегіп, оның 11-і қаза тапты.

Кәсіптік одақтар еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ретінде денсаулық сақтау қызметкерлері үшін мемлекеттік кепілдерді күшейту шараларын қолдайды. Осы орайда медицина қызметкерлерінің жалақы мәселесі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда орташа жалақы 149,7 мың теңгені құраса, дәрігерлердің орташа айлығы – 139 мың теңге. Ақшаның бірнеше рет құнсыздануынан кейін қазақстандық дәрігерлердің жалақысы көрші елдердегі әріптестеріне қарағанда едәуір төмендеді. Мысалы, Беларусь елінде дәрігерлер 500 доллар, Ресейде 968 доллар, ал Қазақстанда 429 доллар алады.

"Қазақстанның денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының мәліметі бойынша республикада ең төменгі жалақы Ақтөбе облысының дәрігерлерінде 110,2 мың теңге, ал ең жоғары – Нұр-Сұлтанда, елордалық дәрігерлер 170,5 мың теңге алады. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен қатар, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, саланы мемлекеттік қаржыландыру деңгейі бағыттарындағы жұмыстар үздіксіз жалғасуы тиіс", – деді Ералы Тоғжанов.

Шара аясында ҚРКФ төрағасы өңірдегі кәсіподақ белсенділерін марапаттады. 

"SENIM" Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының І республикалық форумына қатысушылар ҚР Үкімет мүшелері мен Парламентке бағытталған қарар қабылдады. Онда денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелері, соның ішінде медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, саладағы қоғамдық бақылау, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлеріне лайықты әлеуметтік-еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қарастырылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу