​Ақтөбе облысының екі ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

310

Соңғы тәулікте боранның салдарынан Хромтау,Әйтеке би аудандарында жүздеген көлік жолда қалды. 

​Ақтөбе облысының екі ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды Фото: Ақтөбе Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті

Қазір облыс аумағындағы 7 республикалық және 7 облыстық маңыздағы автомобиль жолдары жабық.  

Төтенше жағдайлар департаменті, полицейлер мен Ақтөбе әскери горнизонының қызметкерлері құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытқа дейін қар құрсауынан 300-ге жуық адам эвакуацияланды. Олар жақын маңдағы жылыту пункттері мен елді мекендерге жеткізілген. Ешқайсысы медициналық көмек қажет етпеді.

Ал, облыс орталығында қатты желдің екпініне шыдамаған 5 көп қабатты үйдің шатыры ұшып кетті. Сондай-ақ, Әйтеке би ауданына қарасты Қарабұтақ ауылындағы мектептің де төбесінің бір бөлігі құлап түскен. Облыс бойынша 2 мың абонент жарықсыз отыр. Кейбір елді мекендерге құтқарушылар мен энергетиктердің баруы қиындады. Жағдай, әсіресе, жоғарыда аталған Хромтау мен Әйтеке би аудандарында қиын. Осыған байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау жөнінде шешім қабылданды.

"Қазіргі уақытта облыс аумағында қолайсыз ауа райы әлі де сақталуда. Жиын қорытындысы бойынша бүгінгі күні күрделі жағдай байқалып отырған Хромтау және Әйтеке би  аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Екі ауданның әкімдіктері тиісті құжаттарды әзірлеп, жария ету тиіс", - делінген облыс әкімдігі таратқан хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу