Ақтөбе облысында "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының "Менің елім" әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында ұйымдастырған "Биіктерге бірге!" үздік спорт жобаларының байқауы қорытындыланды. Байқау жеңімпазы атанған облыстың елу мектебі бүгін салтанатты түрде спорт жабдықтары жиынтығының сертификатын алды, деп хабарлайды ortcom.kz.
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының әлеуметтік жобалар қызметінің басшысы Нұрлан Оразалиев өз кезегінде облыс басшылығына әлеуметтік жобаның өңірде жүзеге асырылуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
"Бүгін біз елу мектепті еуропалық сападағы спорт жабдықтарымен жарақтадық. Сондай-ақ, төрт коррекциялық мектеп ерекше балалардың барынша әлеуметтенуіне ықпал ететін арнайы коррекциялық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында сіздің өңірде 25 спорт және ойын алаңдарын орнатуға байланысты жобалар басталып, Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларында олардың жетеуі пайдалануға берілді. Ақтөбе облысы – біз үшін маңызды стратегиялық өңір. Өйткені, мұнда біздің 15-ке жуық еншілес компанияларымыз жұмыс жасайды", -деп атап өтті Нұрлан Оразалиев.
Ақтөбе облысында жобаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы 600 млн-ға жуық теңге аударылды.
Сондай-ақ, ол "Менің елім" бағдарламасын жүзеге асыру 2018 жылы да жалғасатынын жеткізді. Спортта ғана емес, мәдениет саласында да дарындарды дамыту үшін жаңа спорт алаңдарын салумен қатар, 12 музыкалық мектепті музыка аспаптарымен қамтамасыз ету жоспарланған.