Ақтөбе тұрғыны 28 млн теңге өтемақы алмақ

844

Ол түрмеде екі жыл жазықсыз отырған.

Ақтөбе тұрғыны 28 млн теңге өтемақы алмақ

Ақтөбелік азамат жасамаған қылмысы үшін түрмеде екі жыл отырған. Ол сот арқылы ақталғаннан кейін 90 млн теңге өтемақы сұрап, қазіргі күні оған 28 млн теңге төленетін болған, деп жазды inbusiness.kz.

Белгілі болғандай, Ардақ К. есімді азамат қаладағы қара металл сынықтарын жинаумен айналысатын компания филиалында топ-менеджер болып қызмет атқарған. 2018 жылы оны 16 миллион теңге ұрлады деп айыптап, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Алайда істі қараған жоғарғы сот бірінші сатыдағы сот істі жүргізу кезінде айыпталушының құқықтары бұзылған деген қорытындыға келіп, қылмыстық істі қайтадан қараған Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы сотталушыны ақтап шығарады. Сөйтіп "жасаған әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты" ақталып шыққан бұрынғы топ-менеджер жазасын өтеу орнында екі жыл жазықсыз отырғаны үшін моральдық және материалдық шығынды өтеуді талап етіп, оның құнын 90 млн теңгеге бағалайды. Дегенмен арызданушының талаптары ішінара қанағаттандырылып, Қаржы министрлігі оған 28 млн теңге төлеуді міндеттейді. Бұл сомаға моральдық залал, заңдық шығындар және алынбаған табыс үшін өтемақы кіреді. 

Ақталып шыққан ер адам қолмен жасамаған қылмысы оның абырой-беделін түсіргенін алға тартқан. Бұл жағдайға дейін ол үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі отағасы, коммерциялық мекемеде басшы болады. Өзінің кінәсіздігін дәлелдеймін деп адвокаттарға 3,5 млн теңге жұмсайды. Сондай-ақ ол түрмеде отырған кезде туған ағасы қайтыс болып, жерлеу рәсіміне қатыса алмағанын да көрсеткен.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу