Ақтөбе тұрғыны жұма намазын үйінде ұйымдастырып отырған

816

Оған әр жолы қырыққа жуық адам қатысқан.

Ақтөбе тұрғыны жұма намазын үйінде ұйымдастырып отырған Фото: inbusiness.kz

Ақтөбеде 57 жастағы тұрғын өзінің үйінде жұма намазын өткізуді әдетке айналдырған. Қазірге дейін ол карантин талаптарын ғана емес, діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін екі рет жауапкершілікке тартылды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Оның заңсыз әрекеті алғашқы рет 2020 жылдың желтоқсан айында анықталған. Ақтөбе облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұл кісінің үйінде қырыққа жуық адамның жұма намазын оқығанын көреді. Сөйтіп, үй иесі "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" ҚР заңнамасын бұзу бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 62 айлық есептік көрсеткішті құрайтын 180 570 теңге айыппұлды төлеген болатын.  

Алайда, жауапқа тартылып, профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, ер адам үйінде жұма намазын ұйымдастыра береді. Екінші рет ол ақпан айында қолға түсті. Бұл жолы оның үйінде 35 шақты адам болған. Тағы да 583 400 теңге әкімшілік айыппұл салынып, іс облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысын бұзғаны үшін заңды шешім қабылдау мақсатында облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберіледі.

"Біз тұрғындарға дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетпеуді және заңсыз діни бірлестіктердің жиналысына қатыспауды ескертіп оытрмыз, мұның соңы түрлі салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін", - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазіргі күні мешіттерге баруға рұқсат етілмеуіне байланысты жұма күнгі намазды үйге оқуға болады, бірақ, діни ұйғарым бойынша үйге адамдарды жинап оқу дұрыс емес. 

Ақтөбе облысы бүгінде "сары аймақта" тұрғандықтан 2021 жылғы 26 наурыздан бастап мешіттерге байланысты жаңа қаулы қабылданды. Облыстың бас имамы Төлеби Оспан хабарлағандай, бұдан былай ол жерлерде бес уақыт намазды оқуға ғана рұқсат етіледі де, адамдар көптеп келетін жұма күні сағат 11.00-ден 15.00-ге дейін мешіттер жабық тұрады. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу