Ақтөбе түрмесінде Абайдың 175 жылдық мерейтойы аталып өтті

1123

Шара аясында шахматтан онлайн-спартакиада ұйымдастырылды.

Ақтөбе түрмесінде Абайдың 175 жылдық мерейтойы аталып өтті

Ақтөбеде Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай сотталғандар арасында шахматтан онлайн-спартакиада өткізілді. Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайтын КА-168/3 мекемесі ұйымдастырған онлайн-спартакиадаға Нұрсұлтан қаласындағы ЕЦ-166/10 және Маңғыстау облысындағы ГМ-172/8 мекемесінде жазасын өтеп жатқандар қатысып, шахматтан бақ сынады. Ойын ережесіне сай әр мекемеден екі адамнан барлығы алты адам қатысып, әр мекеменің бір қызметкері арақашықтықты сақтай отырып, ойынның жүру барысын қадағалаған. Нәтижесінде, бірінші орынды  Ақтөбе облысы КА-168/3, келесі орындарды 166/10,  ГМ-172/8 түзеу мекемелерінің ойыншылары иеленді.

"Карантин кезінде сотталғандар арасында сақтық талаптарын сақтай отырып өткізу үшін бірден бір тиімді әрі қауіпсіз ойын түрі ретінде шахматты таңдадық. Оған қатысқандар – бұл ойынды бұрыннан ойнап келе жатқан тәжірибелі, қабілетті адамдар, сол себепті, ойын барысы талас-тартысқа толы болып, қызықты өтті. Спартакиада олардың шеберлігін шыңдап, қандай да бір пайдасын тигізді деп ойлаймын", - дейді КА-168/3 мекемесінің бастығы Қанат Алпысбаев. 

Айта кетейік, Ақтөбедегі аталған қылмыстық-атқару мекемесі Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттауға баса көңіл бөлуімен ерекшеленді. Сол мақсатта ұлы ақынның суреттері мен кітаптарынан көрме жасақталып, сотталушылар оның өлеңдерін жатқа оқып, әндерін айтқан. Түрме басшылығы да, жазасын өтеп жатқандар да мұндай шараның жаңсақ қадам жасағандарды түзу жолға түсіруде тәрбиелік мәні зор шара болғанына сенімді.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу