Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 8 тамыз күні өрт шықты. Ондағы өңдеу цехының №1 учаскесіндегі тас көмір қоймасы жанып кетті, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Ол жөнінде жергілікті өрт сөндіру қызметіне кеше сағат 14.15 шамасында хабарлаған. Арада бір сағаттан астам уақыт өткенде тілсіз жау ауыздықталған. Белгілі болғандай, жанып кеткен металлургия пештеріне отынға қолданылатын тас көмір қоймасы болып шықты.
"Өрт сөндіруге 9 техника мен 35 адам жіберілді.Сонымен бірге, жеке өрт сөндіру қызметінен 2 техника және 8 адам көмектесті. Отқа оранған қойманың ауданы - 250 шаршы метр. Адам шығыны жоқ",- деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, бұған дей"ін кокс қоймасы өртенді деген ақпаратты "Қазхром" ТҰК" АҚ корпоративтік коммуникация қызметі теріске шығарды. Белгілі болғандай, кокс қоймасы бұл жерден 3,5 шақырым қашықтықта орналасқан, сол себепті, ешқандай зардап шекпеген.
Құралай Қуатова