Ақтөбе жазасын өтеушілер он мамандық бойынша жұмыс істеп жатыр

218

Жыл басынан бері №8 түзету мекемесінен 5 кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашқан.  

Ақтөбе жазасын өтеушілер он мамандық бойынша жұмыс істеп жатыр Фото: Әзиз Жанұзақ

Осылайша, сотталғандар да табыс табатын мүмкіндікке ие болды. Мәселен, олардың бір тобы темірден әр түрлі бұйымдар жасаумен айналысады. Өйткені,  жазасын өтеушілердің арасында темір ұсталары көп, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Олардың қолынан шыққан кәуап пісіруге арналған мангалдар мен орындықтарға және қоқыс жәшіктеріне сұраныс жоғары. Бұл кәсіппен 20 адам айналысады. Түзету мекемесіндегілер тігін шеберханасында жұмыс істеуден де қашпайды. Олар негізінен түрлі мекемелердің тапсырыстарын орындайды.

"Тігін машинасымен жұмыс істеудің еш қиындығы жоқ. Әрине, басында сәл қиындау болды. Бірақ, үйрендік. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне арналған қысқы киімдер тігіп жатырмыз", - дейді жазасын өтеушілердің бірі.

Жазасын өтеушілердің көбі кәсіпке түзету мекемесінің ішінде бейімделеді. Бостандыққа шыққаннан кейін де осы жақта бастаған жұмыстарын жалғастырып жүргендері жетерлік. Кәсіпкерлер үшін түзету мекемесінен кәсіп ашудың өз артықшылықтары бар. Кәсіпкер Бағдагүл Дауылбайқызының айтуынша, мұндағы мамандар артық талап қоймайды. Жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Жоғары еңбекақы да талап етпейді. Ол қазір 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.

"Аптасына 50 қысқы жұмыс киіміне дейін әзірлегенбіз. Мұнда жұмыс қарқынды. Киімді алғандар оның сапасына қатысты шағым айтпайды. Жұмысшылар іске жауапкершілікпен қарайды. Матаны және өзге де қажет заттарды өзім жеткізіп тұрамын. Қызметкерлер күніне 8 сағат жұмыс істейді", - деді ол.

Жазасын өтеушілердің ішінде денсаулығы нашар адамдар да бар. Олар жұмысқа тартылмайды. Жауаптылардың айтуынша, жұмыс істеймін дегендердің түгелге жуығы еңбекпен қамтылған.

"Бұл мекемеде он кәсіпкер өз өндірістерін ашып, 103 сотталушыны жұмыспен қамтып отыр. Қазір бізде механикалық цех, тігін цехы, бетон шығаратын, ағаш бұйымдарын шығаратын цехтар бар. Сондай-ақ, тамақ өндірісі де жолға қойылған. Тергеу изоляторындағы 25 сотталушы түгелдей жұмыс істейді", - деді Қылмыстық атқару жүйесі, сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Гүлнар Ізмағамбетова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу