"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшыларына көппәтерлі тұрғын үйден бөлек, жеке тұрғын үйлер де қолжетімді болады. Бұл туралы "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандарды аралау барысында мәлім етті, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Ақтөбеде "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысының пилоттық жобасы жүзеге асырыла бастады. ЖАО кезегінде тұрған ҚТҚЖБ салымшылары 2017 жылғы сәуір айында әкімдіктен жолдама алады. Егер азаматтар ҚТҚЖБ салымшылары болмаса, тұрғын үй-құрылыс жинағы есепшотын аша алады. Ыңғайлы болуы үшін банк 1 сәуірден бастап есепшот ашу үшін алынатын барлық комиссияны алып тастады.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, содан кейін салымшылар бағдарламаға қатысу үшін қажетті қаражаттың бастапқы 30%-ын жинап, төлем жасау қабілетін бағалаудан өтуі керек.
"Бұл – әкімдік тұрғын үйді жер телімімен әрі тиісті инфрақұрылымымен қоса ұсынатын алғашқы пилоттық жоба болады. Бағдарлама еліміздің барлық өңірінде мұқтаж халыққа көппәтерлі тұрғын үй ғана емес, сонымен бірге жер телімі бар жеке тұрғын үй де ұсынуға мүмкіндік береді деген сенімдеміз", – деп түйіндеді Ләззат Ибрагимова сөз соңын.
Еске сала кетейік, премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында жүр, онда өңірде президенттің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауының іске асырылу барысын тексеруде және ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын, құрылыс, білім беру және медицина нысандарын аралап жүр.