Ақтөбеде 10 жастағы Біржан Ерсайынов іздестіріліп жатыр. Ол кеше кешкісін ойынға кетіп, үйіне қайта оралмаған, деп хабарлайды inform.kz.
Ақтөбе қаласындағы Жаңақоныс ауылды округінің кішкентай тұрғыны жан-жақтан іздестіріліп жатыр. "Новый" орта мектебінің 4-сынып оқушысы Біржан Ерсайынов кеше кешкі сағат 17.00 мен 18.00 арасында үйінен шығып кеткен. Ойынға кеткен баланың үстінде қара күртеше мен қара бас киімі болған.
"Облыстық ішкі істер департаменті төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп баланы іздеп жатыр. Толық дерек қосымша хабарланады", – дейді облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Қазір ауыл маңына жиналған қар суын сүңгуірлер шолып жүр. Себебі Біржан Ерсайыновты су үстіндегі сеңге секіріп ойнап жүргенін көрген адамдар бар. Іздеу жұмысына "Новый" орта мектебінің мұғалімдері де жұмылдырылған. Әзірге еш нәтиже жоқ.