Ақтөбеде еңбек жастарының өкілдеріне 115 пәтерлі жатақхана пайдалануға берілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, білім салаларының қызметкерлеріне пәтер кілтін табыстады.
"Мемлекет басшысы жас отбасыларға, еңбек жастарына жағдай жасауға баса назар аударады. Сіздердің бүгін, яғни халық бірлігі күнінде баспаналы болғандарыңыз қуантады. Бүгін пәтерді жас отбасылар иеленеді. Олар мұнда тек коммуналды қызметтерге ғана ақы төлейді. Сіздердің алдарыңызда туған еліңіздің көркеюі үшін тек сөзбен ғана емес, іспен де үлес қосу міндеті тұр. Бұл – біздің азаматтық борышымыз. Мен кез келген қиындық пен проблеманы бірлесіп шешетінімізге сенімдімін", – дейді облыс әкімі.
Әкімдіктің ақпаратына жүгінсек, жоба "Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020" бағдарламасының үшінші бағыты аясында іске асырылған. Жатақхана жалпы аумағы 5,5 мың шаршы метр 1 және 2 бөлмелі 115 пәтерден тұрады.