Ақтөбеде 13 жастағы жасөспірімнің мәйіті қорадан табылды

Қайғылы оқиғаны Темір аудандық білім бөлімінің мамандары растап отыр.  

Ақтөбеде 13 жастағы жасөспірімнің мәйіті қорадан табылды Фото: gov.kz

Қазір аталмыш жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тиісті органдар жан-жақты тексеру жұмыстарын бастап кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, жеткіншектің денесі қорадан табылған.  

Аудандық білім бөлімі қайғылы жағдайдың себеп-салдарын жіті тексеріп жатқанын мәлім етті. 

– Темір аудандық білім бөлімі Кеңқияқ ауылындағы қайғылы жағдайға байланысты марқұм оқушының отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тиісті органдар тарапынан жан-жақты тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Білім беру ұйымы тарапынан ішкі қызметтік тексеріс басталды, – деді бөлім басшылығы.

Ресми мәліметке сүйенсек, көз жұмған бала – 6-сынып оқушысы.

Білім бөлімі қазір балалармен психолог мамандар жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

– Қазіргі уақытта бала құқықтарын қорғау басқармасы, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына қосымша назар аударып, қажет болған жағдайда қолдау шараларын күшейтуде. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі, – деді жауапты бөлім мамандары. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу