Ақтөбеде 14 жыл бойы кезекте тұрғандарға пәтер берілді

382

Баспаналы болғандардың дені – әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар.

Ақтөбеде 14 жыл бойы кезекте тұрғандарға пәтер берілді Фото: inbusiness.kz

Тоғыз қабатты, 265 пәтерлік жаңа үй Ақтөбенің Есет батыр тұрғын алабында бой көтерген. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерді әлеуметтік санаттар бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорының кезегінде тұрған азаматтарға бөліп берді.

Олардың арасында жетім балалар, мүгедек жандар, толық емес отбасы санаты бойынша ұзақ жылдар бойы кезекте тұрғандар бар.

"2009 жылы үйдің кезегіне жетім бала ретінде тұрдым. Содан бері қаншама жыл өтті. Кейін тұрмыс құрдым. Қазір жолдасым, үш балам бар. Бес адам пәтер жағалап жүру оңай емес. Мінекей, мейрамның алдында ұзақ күткен баспанамызға қол жетіп жатыр, әлі сене алар емеспін. Осы күнге жеткеніме қуанып тұрмын!", – деді  Жанаргүл Иманбаева.

Қала әкімі Азамат Бекеттің қолынан Жанаргүл секілді он бес тұрғын пәтер кілтін алды. Шаһар басшысы жыл соңына дейін үй кезегінде тұрған тағы  600 адам баспаналы болатынын айтты.

"Биыл жыл соңына дейін 624 пәтер береміз деген жоспар бар. Есет батыр алабында бұдан өзге де бірнеше үй салынып жатыр. Құрылысты келесі жылы да жалғастыратын боламыз. Әр шаңыраққа береке-бірлік тілеймін! Қоныс құтты болсын!", – деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.

Бүгін беріліп жатқан пәтерлер арендалық үй болып есептеледі. Сондықтан, үй иесі мемлекетке ай сайын төлем жасауы тиіс. Бір шаршы метрі – 100 теңге. Мысалы, екі бөлмелі пәтер алғандар үшін төлем 5 500 теңгені құрайды.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласында соңғы 2 жылда кезекте тұрғандарға  210 пәтер берілген болатын. Қазір кезекте 27 мың адам тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу