Ақтөбеде 2.02.2022 күні некелесу саны көбеймек

1246

Жас жұбайларды ерекше дата қызықтырып отыр.

Ақтөбеде 2.02.2022 күні некелесу саны көбеймек

Ақтөбе облысында алдағы ақпан айының жиырма екісі күні некеге тұрғысы келетіндер көп. Жас жұбайларды 2.02.2022 деген дата қызықтырып отыр екен, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, бүл күн екі жағынан да бірдей оқылады. Осы мыңжылдықта мұндай қайталатын "қызық" күндердің саны бар-жоғы алпыс екен. Болашақ ерлі-зайыптылар дәл осы күн олардың некесі үшін сәтті болып, бақытты ғұмыр кешеміз деп сенеді. 

"31 қаңтар күнгі дерек бойынша, 22 ақпан күні неке қиюға 55 жұп арыз берді. Олардың жас шамасы 25-44 жас аралығында", – деп хабарлайды қалалық АХАЖ бөлімінің меңгерушісі Валентина Мәмбетова.

Бөлімде күніне орта есеппен 15 жұп тіркеледі екен. Бірақ аталған күні отбасын құратындар саны әлі де көбеюі мүмкін. Себебі некелесетіндердің ортақ баласы, қолдарында жол жүру билеттері болса немесе қалыңдықтың аяғы ауырласа тіркеу мерзімінен бұрын жасалады. 

Айта кетейік, бұған дейін мұндай "қозғалыс" 2007 жылдың 7 шілдесі күні байқалған. Өкінішке қарай, 07.07.2007 жылы некеге тұрғандардың ішінен алты жұп алғашқы жарты жылдың ішінде ажырасып үлгерген. Соған қарағанда, берік отбасының кілті күнтізбедегі күнге ғана байланысты болмаса керек. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу