Ақтөбеде 2 тәулікте мемлекетаралық іздеуде жүрген 12 адам ұсталды

443

Олардың қатарында аса қатігездікпен адам өлтіру қылмысы бабымен іздеудегілер бар.

Ақтөбеде 2 тәулікте мемлекетаралық іздеуде жүрген 12 адам ұсталды Фото: polisia.kz

Ақтөбе полицейлері 2 күн ішінде мемлекетаралық іздеуде жүрген 12 адамды ұстады.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің аумағында 20-21 қыркүйекте “Іздестіру ТМД – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

Ұсталғандардың ішінде 6 шетел азаматы және 6 Қазақстан азаматы бар. Олар Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан аумақтарында түрлі қылмыстар жасағаны үшін осы елдердің ішкі істер органдарымен мемлекетаралық іздеуге жарияланған.

Іздеудегілер Ақтөбе қаласынан және Ресеймен шекаралас Мәртөк, Қарғалы аудандарының аумақтарынан ұсталды. Олардың қатарында аса қатігездікпен адам өлтірумен қатар, қылмыстық заңнаманың қарақшылық, ұрлық, алаяқтық, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру сияқты баптарымен іздеудегілер бар.

"Мысалы, 21 қыркүйекте Ақтөбе қаласында полицейлер өз елінде қылмыс жасағаны үшін үш жылдан бері іздеуде жүрген Өзбекстан Республикасының 35 жастағы азаматын ұстады. Шетелдік азамат ұрлық қылмыстарын жасағаны үшін өз елінде бірнеше рет сотталған. 2020 жылы Қарақалпақстан аумағында пәтер ұрлығын жасағаны үшін Өзбекстан Республикасының ішкі істер органдармен іздеуге жарияланып, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған. Қазіргі таңда ұсталған шетелдік азамат Ақтөбе қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, оны Өзбекстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр", - делінген полиция хабарламасында.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу