Ақтөбеде 25 ауылдық округтің әкіміне су жаңа қызметтік көлік берілді, деп хабарлайды 24.kz.
Шенеуніктерге көлік алу үшін облыстық бюджеттен 96 миллион теңге қаражат бөлінді. Жыл басында 59 ауылдық округтің әкімі көліктерінің ескіргендігін айтып, өтініш жазған. Енді бұл мәселе шешімін таба бастады. Жаңадан құрылған ауылдық округ басшылары да көлікті болды.
Жалпы облыста 147 ауылдық округ тіркелген.
"Бұған дейінгі алынған автокөлік 2007 жылы берілген болатын, одан кейін енді біраз жыл өтті. Енді қазір халықтың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс-тіршілігін көтеруге, халықпен тығыз байланыс жасауға, түкпірдегі ауылдарға барып келіп, қатынасты, біздің жұмысымызды жүйелендіруге үлкен көмегін тигізеді", - дейді Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі Жомарт Шабаров.