"Нұрлы жер" бағдарламасының аясында "Нұр Ақтөбе" ықшам ауданында 2 152 пәтер пайдалануға беріліп отыр, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Алғашқы 650 үй бұған дейін берілген еді. Бұдан бөлек "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ның тағы 311 салымшысы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың қолынан пәтер кілтін алды.
"Ақтөбе облысы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша көшбасшы болып келеді. 2 152 пәтер беріліп отыр, оның 962-сі сатылды. Бұдан бөлек жыл соңына дейін тағы 1 655 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жақында "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында несие алу бұрынғыдан да жеңілдей түсетін болады. Банк мемлекеттік бағдарламаның бастапқы жарнасын 30%-дан 20%-ға түсіру туралы бастама көтерді. Өзгеріс жақын арада іске қосылатын болады, - деп атап өтті тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Ақтөбе қаласында банк салымшылары үшін 1 шаршы метр бағасы 110 000-120 000 теңге аралығында болғанын атай кету керек. Бұл "Нұрлы жер" бағдарламасында қарастырылған үй құнынан төмен.
Бұдан бөлек жаңа пәтер иелері мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Ақтөбе филиалы қызметкерлері жыл сайын өтетін дәстүрлі "Жасыл Мекен" акциясын бастады. Үй ауласында олар қылқанды және жапырақты ағаштардың 100-ден астам көшетін отырғызды. Банкпен бірге акцияға қатысып, ағаш отырғызған барлық тұрғындар атаулы сертификат пен көшетті қалай күтіп-баптау керектігі туралы нұсқаулық алды. Мұндай сертификатқа ие болған әр жанұя отбасылық ағашымыз бар деп мақтан тұтып, оның жетіліп, жайқалып өсуін қадағалайтын болады.