Ақтөбеде "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы 2 үй салған мердігерлер мен техникалық бақылаушылардың ісі қаралып, сот оларды кінәлі деп тапты. 2020 жылы қолданысқа берілген үй екі жылдан соң апатты деп танылып, қазір жабық тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
“Сараптама нәтижелері көрсеткендей, іргетас беріктігі 2018 жылғы мемлекеттік стандарт 13 758-ге сәйкес келмейді. Мұның бәрі үйлердің қауіпті деп танылуына әсер еткен”, – деді Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Осман Орынбасаров.
Бүгінгі күнге дейін төрт күдікті де бостандықта жүрген. Алайда сот үкімі жарияланған соң, күдіктілер бірден қамауға алынды.
"Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің жауабы кезінде және сараптама қорытындысы негізінде дәлелденді. Сот үкімімен сотталушылар Ф. Жанпейісов С. Аяпбергеновтің мүлкі тәркіленіп, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар 10 жыл құрылыс саласында жұмыс істей алмайды. Техникалық бақылаушылар Ж. Кенжебаев, Р. Досовтың мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар 10 жыл инженерлік қызметтер саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, әкімдік зардап шеккендерге басқа үй бергенімен, апатты жағдайдағы төрт қабатты үйлер әлі тұр. Олардың қашан сүрілетіні әзірге белгісіз. Екі төрт қабатты үйдің құрылысына бюджеттен 337 миллион теңге бөлінген.
“Жоғарыда аталған апатты үйлерді құрылыс бөліміне береміз. Олар болашақта әкімдік есебінен сүріледі. Бірақ құрылыс бөлімі бұл үйлерді бөлшектеуге кеткен шығынды өндіру туралы азаматтық талап қоюы мүмкін”, – деді Ақтөбе қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мадияр Қабыл.