Ақтөбеде 4 мектептің оқушылары төбелесті

1248

Бір бала пышақ жарақатымен ауруханаға түсті, оған ота жасалды.

Ақтөбеде 4 мектептің оқушылары төбелесті

Ақтөбеде бірнеше мектептің оқушылары арасындағы кикілжің жаппай төбелеске ұласып, жасөспірімдердің бірі жүрек тұсынан пышақ жарақатын алды, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Төрт мектептің білім алушылары арасындағы жанжалға не себеп болғаны әлі белгісіз. Бейіт басына есеп айырысуға жиналғандардың бәрі бірдей құр қол келмеген көрінеді. Төбелес кезінде жасөспірімдердің біріне пышақ сұғылған. Ер бала ауыр халде мектепке өз аяғымен жеткен, алайда білім ордасының басшылығы жедел жәрдем шақырып, не болғанын сұраудың орнына, оқушыны таксиге отырғызып үйіне қоя береді.

"Ол өлген жоқ қой, неге сонша байбалам саласыз дейді. Сонда өлуі керек пе еді?", – дейді мұғалімдердің бұл қылығына ашуланған баланың әкесі Нұрлан Теңелов.

Дәрігерлер айтқандай, оқушының жарақаты ауыр болған әрі пышақ жүрекке бір сантиметр жақын өтіпті. Ер бала қансырап, жан тапсыруы мүмкін еді.

"Пышақ кәрі жілік жүйкесіне зақым келтірген. Шұғыл ота жасалды", – деп түсіндірді нейрохирург Саслан Өтегенов.

Әзірге полицияға белгілі мәлімет бойынша, төбелеске төрт мектептен қырық оқушы қатысқан. Жанжалдың себебі әлі анықталған жоқ. Бірақ төбелеске қатысқан бірнеше бала ұсталды. Олардың арасында жәбірленушіге пышақ сұқты деген күдікті де бар.

Қазір Ақтөбе полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу