Ақтөбеде 5 мың гектар аумақта зарарсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр

202

Өңірге Қорғаныс министрлігіне қарасты "Оңтүстік" аймақтық  қолбасшылығының радияциялық, химиялық және биологиялық бөлімшелерінің қызметкерлері келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақтөбеде 5 мың гектар аумақта зарарсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр Фото: Әзиз Жанұзақ

Қала басшылығы химиялық өңдеу жүргізілетін аумақтарды алдын ала белгілеп қойған. Арнайы техникалар мен сарбаздар бүгін Ақжар ауылы мен облыс орталығы аралығында орналасқан "Гауһар" деп аталатын саяжай ұжымына келді. Тасқын кезінде бұл аумақ та су астында қалған болатын. Сазды өзенінің арансынан асқан су тіпті, бейіттердің шетіне дейін келген еді.

Мамандардың айтуынша, қорымдар мен тұрмыстық қалдықтар тасталған жерлерді су шайған жағдайда, ол аумақтар міндетті түрде зарарсыздандырылуы керек. Өйткені, түрлі жұқпалы аурулар тарауы әбден мүмкін.

"Эпидемиологиялық маңызы бар нысандарға, оның ішінде зираттар мен жеке үйлердің ішіндегі септиктерге, санитариялық-ауалық қондырғыларға дезинфекция жасауымыз керек. Себебі, кәріз жүйелеріне кірген су қайтадан сыртқа шығып, айналаны ластады. Одан түрлі жұқпалы аурулар тарауы мүмкін. Әсіресе, ішек инфекциялары көбейеді деген күдік бар. Сондықтан, міндетті түрде осындай іс-шаралар жүргізіледі. Біз ауыз су көздеріне де сараптама жасап, қадағалап отырмыз. Әзірге барлығы талапқа сай", - деп атап өтті Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Назима Сербава. 

50 сарбаз бен 16 техника Алматы ауданына қарасты 107 бау-бақша ұжымы мен өзге де елді мекендерге барып, он күн бойы зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Мамандар жеке үйлердің аулаларына кірмейді, тек жолдар мен ашық алаңдарға ғана химиялық сұйықтықты шашып өтеді. Қолданылып жатқан  препараттың адамдар мен жануарлар өміріне ешқандай зияны жоқ. 

"Қала аумағында зарарсыздандыру жұмыстары жүретін 5 мың 38 гектар жер белгіленді. Бұл жұмыстар кеше басталды. Осы уақытқа дейін Алматы ауданына қарасты Мағажан мен Садовое елді мекендеріндегі және алты бау-бақша ұжымы аумағындағы жұмыстар аяқталды. Қорғаныс министрлігінің мамандары тегін көмек көрсетіп жатыр", - деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Дархан Тілеуов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу