Ақтөбе маңындағы өзендерде су деңгейінің түскені байқалады. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Бүгінгі таңда бау-бақша ұжымдарынан шығарылған адамдар мектептерді паналап жатыр. 4 мектепке 502 адам орналастырылған. Оның 159-ы – бала. Күніне 3 рет ыстық тамақ беріліп, медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Ақтөбе қаласына әсерін тигізетін 3 су қоймасы бар. Олар – Ақтөбе, Сазды және Қарғалы су қоймалары. Қазіргі таңда Ақтөбе су қоймасы 100 пайыз толып тұр. Бұл қоймадан секундына 540 текше метр су жіберіледі. Сондай-ақ қауіпті аймақтарда құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.
"Бүгінгі таңда біздің есебіміз бойынша 500-ден астам адам эвакуациядан бас тартып отыр. Тұрғындар өзінің еңбекақы, маңдай терімен жиған мүлкін біреу ұрлайды деп қорқады. Су басқан аймақтарды жергілікті полиция қызметі мен патрульді күзет бақылап отыр. 21 бекет тұр. 8 мобильді топ жұмыс істеп жатыр", – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов.