Ақтөбе облысында биыл 6669 оқушы мектеп бітірді. Олардың 80 пайызы жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсырады. Барлығы 500-ден астам түлек "Алтын белгіден" үмітті, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Ақтөбеде биыл "Алтын белгі" үміткерлерінің саны артып отыр. Биыл 523 оқушы алған білімін дәлелдеп, емтихандарды үздік тапсырмақ. Ал ҰБТ 21-25 маусым күндері өтеді. Бір артықшылығы, ата-аналар балаларын ұялы телефондағы қосымша арқылы тікелей ташамалай алады. Барлығы 15 ҰБТ орталығында 125 аудитория дайын тұр.
"ҰБТ тәртібінде еш өзгеріс жоқ. Шекті балл 50, ал жоғары балл 140. "Алтын белгі" үміткерлерінің саны 2016 жылмен салыстырғанда 79 түлекке көп. Олар бірер күнде емтихан тапсыруын аяқтап, ҰБТ тапсыруға дайындалады. ҰБТ орталықтарының бәрі дайын, бейнебақылау камерасына қосулы. Аудиториядан тікелей түсірілім болып, ата-ана баласын қарап отыра алады", — деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.
Еліміз бойынша мектеп бітірушілердің кеші 15 маусым күні болады. Кешке "Ел жүрегі – Астана" атты ортақ тақырып таңдалған.
"Түлектерді марапаттау 15 маусым күні болады. Үздіктерге қандай сый дайындалатыны әзірге құпия. "Алтын белгі" алған түлектердің бәрі облыс орталығына жиналып, марапатталады", — деді Ләззат Оразбаева.