Ақтөбеде 530 тонна мұнай ұрланды

884

Ақтөбеде 530 тонна мұнай ұрланды

Ақтөбе облысы аумағында шикі мұнай ұрлау көріністері толастар емес. Өзгесін айтпағанда, тек "Сағыз Петролеум" компаниясына қарасты кен орнында 530 тонна мұнай ұрланғаны белгілі болып отыр.
Мұндай лас істі әдетке айналдырғандар ұрлықты түнгі мезгілде жасап, бөшкелердегі мұнайдың бір бөлігін сатып жіберген. Компанияда мұнайды есепке алу ісінің автоматтандырылмағаны, өндірілген шикізаттың орталықтандырылған коллекторға емес, бөлек тұрған бөшкелерге құйылғаны – әбден әккіленіп алған мұнай ұрлаушылардың оң жамбастарына дөп келген. Осындай тәсілмен 530 тонна мұнай ұрланған. Ақтөбе облыстық прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков egemen.kz тілшісінің сауалына осылай жауап берді. 

Сондай-ақ оның айтуынша кен орындарының қазіргі күзет тәсілдері тиімсіз. Тіпті күзетшілердің өздерінің ұрлық схемаларына қатысу көріністері кездеседі. Нысандарды қашықтан бақылайтын замануи электрондық күзет жүйелері енгізілмеген. Мұнай тасымалдаушы автокөліктердің пайдалануы да қадағалана бермейді. Полиция олардың жол-қозғалысы ережелерін сақтауын ғана тексереді. Бұған алдағы уақытта GPS қондырғыларын орнату қажеттігі де уақытты күттірмейді. Бұл ұсыныстар бас прокуратураға жоданған. Түйіп айтқанда өңірде соңғы бес жылда мұнай ұрлығына қатысты 160 қылмыстық іс тергелген. Оның барысында келген шығын 7 миллиард тенгеден асатыны анықталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу