Сот материалдарына сәйкес, М. Ізбасарова, А. Қадралиева, Б. Өтебаева және А. Такенова азаматтарға аталған компания арқылы пәтер алуға көмектесетіндерін айтып, ақша жинаған. Зардап шеккендердің кейбірі 400 мың теңгеден берсе, енді бірінің төлеген сомасы 14 млн теңгеден асқан.
Төрт сотталушының да бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Кейін оларға рақымшылық жасалып, жазалары қысқартылған. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілген.
Сот оларды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бастапқыда 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. "Рақымшылық туралы" заңға сәйкес жаза мерзімі 3 жыл 6 айға дейін қысқартылды.
М. Ізбасарова мен А. Қадралиеваның жазасын өтеу мерзімі тағы 3 жылға кейінге қалдырылды. Ал А. Такенова жазасын 2 жылдан кейін өтейді. Б. Өтебаева сот залында қамауға алынды.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін сотталушылар жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге міндетті.