Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өткен жылы аймақта 616 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, яғни бұл — 5 мың пәтер.
"Біз бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандырамыз. Биыл кем дегенде 650 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілу керек. Себебі Ақтөбе —агломерация орталығына айналады. Халықтың саны миллионға жетеді. Сондықтан Ақтөбе қаласының тұрғындарына барлық қолайлы жағдай туғызуымыз керек. Бұл үшін бізде мүмкіндік бар", — деді Бердібек Сапарбаев өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына арналған жиында.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 136 миллиард теңгеден асып, тұрғын үй саласына тартылған инвестициялардың көлемі 50 миллиард теңгеге жуықтаған. Мемлекет қаражаты есебінен өңірде 32 әлеуметтік нысанның құрылысы жүзеге асырылыпты. Оның 23-і пайдалануға берілсе, қалғаны биыл іске қосылады. Салынып жатқан құрылыс нысандарының қатарында мектеп, балабақша, медициналық пункт тағы сол сияқты әлеуметтік нысандар бар.
Сондай-ақ биыл 146 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға құрылыс нысандары салынбақ.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев өзімізден шығарылатын құрылыс материалдарын квалификациялық талапқа енгізу және құрылысқа 90 пайыз өзімізде өндірілетін құрылыс жабдықтарын пайдалану керектігін ескертті.
"Қазір Ақтөбе облысының айналасында кейбір карьерлер бос тұр. Егер жолдың құрылысына осы карьерлерді пайдалансақ, мемлекеттің қаржысын үнемдер едік. Қазіргідей жол салудың құны бірнеше есеге өспес еді. Ал бұл кезде аудан мен ауыл-аймақ арасындағы жолдар уақытында салынып, тұрғындар қиындық көрмес еді. Бұдан басқа Үкіметте "Нұрлы жер" бағдарламасының қабылданғанын жақсы білеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заман талабына сай, сапалы үйлер тұрғызылуы керек", — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар "Нұр Ақтөбе" шағын ауданының маңындағы 100 гектардан асатын жерге заман талабына сай поселкелер пайда болатынын мәлім етті.