Ақтөбе облысында "Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Ақтөбе қаласының 69 жастағы тұрғынына тиесілі саяжай учаскесін тексеру кезінде гүлзарға егілген 67 түп көкнәрді анықтап, тәркіледі.
Аталған факті бойынша құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға Қазақстан заңнамасына сәйкес құрамында есірткі немесе психотроптық заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге тыйым салынғанын еске салып, мұндай әрекеттер заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті.